Бір жігіт өзін ешкім бағаламайтынын айтып шалғайдағы монахқа келеді. Сол кезде монах оған: - Қолым бос емес, бірақ сен маған көмектессең менде саған көмек берем,-дейді. Жігіт келіседі. Монах оған сақина береді де: - Мынаны ауылдағы базарға апар да 10 алтынға сат,-дейді. Жігіт жылқысына секіріп мініп, базарға тартады. Базардың ортасындағы биіктеу жерге тұрып айқайлайды: - Мына сақинаны 10 алтынға сатамын, 10 алтынға,- деп жатқанда бір шаруа: - Əй, есуас. Сен бізді ақымақ көресің бе?! Қолыңдағың 10 алтын түгілі 1 алтынға тұрмайды. Қараңды батыр бұл жерден,- деп қуып жібереді. Жігіт налыған күйі монахқа келіп, болған жайды баяндайды. Монах жігітке: - Түсінікті. Енді сақинаны зергерге апарып 10 алтынға сат,- дейді. Жігіт зергерге келіп, сақинаны 10 алтынға сататынын айтады. Зергер: - Жігітім, мынауың таза алмаз ғой. Сенің 10 алтынға бағалағаның біртүрлі екен. Мен бұны 50 алтынға бағалайтын едім. Дегенмен, арзан сұрап тұр екенсің,- дейді. Жігіт ақыры 50 алтынға сатып, монахқа қуанып келеді. Монах: - Міне, көрдің бе, сені адамдар бағаламаса қынжылма, сенің құныңды сені жасап шығарған ғана біледі. Ал басқалары далбасалайды. Ешқашан түңілме,- деп астарлы сөздермен жігітті ауылына шығарып салады.

Теги других блогов: монах жігіт алтын