ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ. Келін Айнұр қаланың қызы. Жасынан ақылды ерке болғанымен шаруаға епсіз болып өсті. Көзінің қарашығындай болған жалғыз қызын анасы көп жұмсамай, аялап, мәпелеп өсірді. Алайда ақылды ана қызының жан-дүниесінің жұтаң болмауын бірінші орынға қойып, оны жастайынан кітап оқуға баулыды. Зерделі де зерек, рухани жағынан толысқан ерке қыз бойжеткен соң өз бақытын ауылдан тапты. Ойдым-ойдым жолдары бар, ұялы байланыс ұстамайтын, дұрыс ауыз суы да жоқ қияндағы ауылға Айнұр сүйген жігітімен қол ұстасып кете барды. Содан бері бес жыл өтті. Келгелі бері ата-енесінің қабағын аңдып, солардың бабын табудан жалыққан емес. Қолынан көп нәрсе келмейтін ол алғашында бүлдіріп-күйдіріп -жандырып жүріп, бәрін үйреніп алды. Сиыр сауа алмай, көзін көгертті, ошаққа нан жабам деп қолын күйдірді. Қырық тесік қылып, еттің нанын жайды. Бірақ Айнұр жасыған жоқ. Қалайда бәрін үйренемін деп алға талпынды. Нәтижесінде аз уақыттың ішінде бесаспап келін атанды. Қазір ол таңғы бесте тұрып он сиырды сауып, өріске жібереді. Үйге келіп шай қайнатып, су жылытып қояды. Осы аралықта ұйқыдан тұрған ата-енесі мен үйленбеген қайынағасына ыстықтай, дәмдеп шайын береді. Қариялар шайды ұзақ ішеді. Жазғы күндері ауладағы ошаққа шай қайнатып, шоқтың шайын береді. Сүт тартып, май, қаймағын жасайды. Қысы-жазы сиыр сауылатындықтан бұл үйден құрт-ірімшік үзілмейді. Бәрін бітіріп, мектептегі жұмысына жүгіреді. Мұғалім болып жұмыс жасайтын ол мектепте де алғыр ұстаздардың қатарында. Сынаптай сырғыған осы уақыт аралығында үш баланың анасы атанды. Күнделікті күйбең тірлікпен жүгіріп жүрген күндердің бірінде өзіне ақылшы, қамқор болған енесі айықпас дертке шалдықты. Бір-біріне үйелмен-сүйелмен үш баланың қасына енесі төртінші бала болып қосылды. Бірақ Айнұр бұл жолы да шыдамдылық пен табандылықтың шынайы үлгісін көрсетті. Анасы ауырып қалды дегенді естіп, қала маңында тұратын үлкен қызы жылап-еңіреп жетті. Бір аптадай қасында болып, жуындырып-шайындырып, шашын тарап, тамақ беріп, жүгіріп жүрді. Бірақ кетерінде анасының құлағындағы алтын сырға мен алтын жүзікті өзімен бірге ала кетуді ұмытпады. Сөйтіп күндер өтіп жатты. Көрші ауылда тұратын ортаншы қызы бала-шағасымен анасын бағуға келді. Ол да үйдегі жалғыз келін Айнұрға болысқан болып, анасын қарап, жанашырлық танытты. Он күндей жатқан соң ортаншы қызы да кетерінде анасының қобдишасын ақтарып, алтын-күміс әшекейлерінің біразын өзімен алып кетті. Күнде келіп шай ішіп кететін ауылда тұратын кіші қызы да қалған алтын бұйымдарды өзімен алып кетті. Қобдишада жалғыз ғана қызыл көзді алтын сақина қалды. Ертеңгі күні енесіне ас алып келген Айнұр оның теріс қарап, бүк түсіп, тұншығып жылап жатқанын көрді. Көз жасын тия алмаған кейуана: «Үш қызым бар деп мақтанушы едім. Бірақ үшеуінің сенің қолыңа су құя алмайтынынын көріп, қарным ашып тұр. Қыздарымының өресі осыншалық тар бола ма? Мені асты-үстіме түсіп, шын көңілмен баққан сен ғанасың. Бақытты бол! Балаларың да өзің сияқты парасат-пайымы биік болып өссін» деп фатихасын береді. Түскі шайға келген кенже қыз шай үстінде анасының қобдишасында қалған жалғыз алтын сақина келінге тиесілі екенін, анасын адал бағып жүрген Айнұр екендігін айтып, енді ешкімнің ол сақинаға тиіспеуін сұрады. Жүзін төмен салған Айнұр: Мен апамды алтын үшін бағып жүрген жоқпын. Бұл менің - келіндік парызым. Ол кісі әлі жазылып кетеді. Бәрі Алланың қолында. Маған ол кісінің фатихасы да жетеді, - деп, шай құймақ болып атасының кесесіне қол созған еді, көзінен парлап аққан жасын көрсеткісі келмеген күйі үлкен кісі үнсіз ғана дастархан басынан тұрып, кетіп барады екен. Санаулы күндерін өткізіп жатқан ана төбеге қарап, ойланып жатып, үш қызы мен келінін салыстырды. Бірден қолы қалт етсе шұқшиып кітап оқып отыратын келінінің ішкі жан дүниесінің мол қазынаға толы бай екенін осы кезге дейін аңғармай келіпті. Байқап қараса қыздарын жалт-жұлт еткен жалтырақ дүниелерге құмар қылып, тәрбиелеген өзі екен. Өзінің материалдық құндылықтарға ғана мән беріп, олардың рухани жұтаңдығын ескермегенін кеш түсінді. Былайғы тірлікте жалт-жұлт еткен дүние бірінші орында болғанмен, өмір мен өлімнің арасында жатқан адамға таза рух ғана қажет екен. Жаны қиналып жатқан сәтте қора толы малдың да, сірескен дүниенің де, қобдиша толы алтынның да көк тиын қадірі жоқ екенін ұғынды. Өзінің бала тәрбиесіндегі қателігін кеш түсінген Айнұрдың енесі соңғы күндерін өксікке толы өкінішпен өткізіп жатты. Өмірден өтер сәтінде қыздарының бәрі келіп, «апалап» айнала қоршап, жылап отырды. Көздерінен тарам-тарам жас ағып жатқанымен үш қызының да санасында анасынан қалған өзге де бағалы заттарды бөлісіп алу жоспары тұрды. Қиналып жатқан ана жанына босаға жақтан тараған жарық сәуле ғана жылылық сыйлағандай болды. Дәл осы сәтте босағада тұрған жалғыз келіні ғана шын ниетімен енесінің екі дүниеде жамандық көрмеуін тілеп, өзі білетін Құран сүрелерін күбірлеп оқып тұр еді...

Теги других блогов: продвижение SEO Google